Алматы әуежайында FlyArystan әуекомпаниясының ұшағы өртенді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Air Astana баспасөз қызметі өндірістік оқиға 28 тамызда Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan әуе кемесіне жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізу кезінде болғанын растады.
— Жұмыс барысында жергілікті тұтану орын алды, оны әуежайдың шұғыл қызметтері жедел жойды. Air Astana тобының қызметкері жарақат алды, оған медициналық көмек көрсетіліп, ауруханадан шығарылды, — деп хабарлады әуекомпанияның баспасөз қызметі.
Оқиға кезінде әуе кемесінің бортында жолаушылар мен экипаж мүшелері болған жоқ.
Әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылғаны айтылуда. Қазіргі уақытта зақымдану дәрежесіне баға беріліп, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Air Astana Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп, болған өндірістік оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Еске салайық, жақында Түркиядан Ресейге бет алған ұшақ жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Атырау халықаралық әуежайына шұғыл қону жасаған еді. Ұшақ қонғаннан кейін ер адам қайтыс болды.
