
Тбилисиде Грузиядағы ең биік ғимарат болатын Trump Tower Tbilisi көпфункционалды кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамптың отбасылық компаниясы The Trump Organization бұл жобада шамамен 70 қабатты зәулім ғимарат құрылысын қарастырған.
Жобаның ерекшеліктері
Кешенге жоғары деңгейлі тұрғын үйлер, сауда алаңдары, мейрамханалар және қызмет көрсету нысандары кіреді. Сәулет тұжырымдамасын Gensler халықаралық компаниясы әзірлеген. Ғимарат Тбилисидің дамып келе жатқан іскерлік және қоғамдық кеңістігінің негізгі элементіне айналады.
Жобаны жүзеге асыру
The Trump Organization атқарушы вице-президенті Эрик Трамп жобаның компания стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Жоба Archi Group, Biograpi Living, Blox Group, Finvest Georgia және The Sapir Organization сияқты бірнеше компанияның қатысуымен іске асырылуда.
Жоба туралы қосымша мәліметтер, соның ішінде мерзімдері мен сәулет шешімдері кейінірек жарияланады. Ақпан айында Трамп ұйымы Аустралияда құны 1 млрд доллар жоба аясында алғашқы мұнарасын салу туралы келісімге қол қойған болатын.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың желтоқсанында Грузия үкіметі Тбилисидегі Арсенали төбесінде үлкен әкімшілік қала салу жобасын жариялады. Сонымен қатар, Тбилисиде жаңа халықаралық әуежайының құрылысы басталып, елде құны 300 млн АҚШ долларына бағаланған Грузия тарихындағы ең ірі спорттық нысан салынатыны белгілі.