
Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Қазақстан Қарулы Күштерінің екінші ұлттық контингентінің екінші тобы салтанатты түрде қарсы алынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ұлттық контингенттің екінші құрамы Голан биіктеріндегі БҰҰ-ның Ажыратуды бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) құрамында бір жылдық бейбітшілік миссиясын сәтті аяқтады.
Салтанатты іс-шараға ҚР Құрлық әскерлерінің басшылығы, Қорғаныс министрлігі Бейбітшілік операциялар орталығының жеке құрамы, бейбітшілік әскерлерінің туыстары мен ардагерлері қатысты.
ҚР Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев бейбітшілік әскерлерін Отанға оралуымен құттықтады.
— Сіздер Отаннан алыс жерде халықаралық бейбітшілік миссиясын абыроймен орындап, аман-есен үйге оралдыңыздар. Жоғары кәсібилік танытып, елдің сенімін ақтадыңыздар. Қазақстан туын биік ұстап, әскери антқа адал болдыңыздар. Бейбітшілік әскері болу — бейбітшілік елшісі болу деген сөз. Бұл үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Өйткені бейбітшілік миссиясындағы әрбір қадам, әрбір шешім мен әрекет тек жеке әскери қызметшінің іс-әрекеті ретінде ғана емес, бүкіл мемлекеттің беделінің көрсеткіші ретінде бағаланады, — деді генерал-майор.
Ол Қазақстанның БҰҰ бейбітшілік қызметіне қатысуы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның сөзінше, Голан биіктеріндегі бейбітшілік миссиясына қатысу Қазақстанның бейбітшілік әлеуеті бар мемлекеттер қатарына кіретінін көрсетті. Сонымен қатар, бұл қазақстандық армияның күрделі міндеттерді орындауға дайындығын және әскери қызметшілердің халықаралық талаптарға сәйкес жоғары дайындық деңгейін растады.
Екінші ұлттық бейбітшілік контингентінің командирі подполковник Жәнібек Нұрланов бейбітшілік әскерлерінің Голан биіктерінде атқарған міндеттері туралы айтты. Оның сөзінше, әскери қызметшілердің міндеттеріне БҰҰ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуациялау, алғашқы медициналық көмек көрсету және аумақты минасыздандыру кірген.
— Бір жыл ішінде біз мыңға жуық міндетті орындадық. Оның ішінде патрульдеу, блокпосттар қою және жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жасау бар. Сондай-ақ жарылғыш заттарды анықтау, оларды жою және жергілікті тұрғындарға ескертумен айналыстық. Барлық қойылған міндеттер толық орындалды. Біз өз міндеттерімізді үшінші ұлттық контингентке тапсырдық, — деді Жәнібек Нұрланов.
Еске салайық, 29 мамыр — Қазақстан Республикасының Бейбітшілік әскері күні. Қазақстанның 900-ден астам әскери қызметшісі БҰҰ бейбітшілік миссиялары құрамында қызмет етті.
Дереккөз: Inform.kz