...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда ауа райы күрт нашарлайды: найзағай кезінде қауіпсіздік ережелері

28 мамырда Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК дауылды ескертуіне сілтеме жасап, алдағы күндері ауа райының күрт нашарлайтынын хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

ТЖД мамандары найзағай кезінде сақталу керек қауіпсіздік шараларын еске салды:

Үйде, пәтерде немесе ғимаратта болсаңыз, электр сымдары мен антенналарға жақындамаңыз, терезелерді жауып, теледидар, радио және басқа электр құрылғыларын өшіріңіз, металл заттарға қол тигізбеңіз.

Табиғат аясында демалатын болсаңыз, жаңбыр басталмай тұрып шатырды мықтап бекітіп, барлық металл бұйымдарды (ыдыс, күрек, ара, балға, мангал) адамдардан 15-20 метр қашықтыққа жинаңыз, шатырға жатып, найзағайдың өтуін күтіңіз.

Егер шатыр болмаса, жерден оқшауланыңыз. Астыңызға полиэтилен, бұтақ немесе тас салыңыз. Отырып, басыңызды тізеге қойып, аяқтарыңызды біріктіріп, үстіңізді полиэтиленмен жабыңыз, өйткені дымқыл дене мен киім найзағай соғу қаупін арттырады.

Ашық жерде, далада найзағайдан құрғақ шұңқырларда, арықтарда, сайларда жасырыну керек. Бірақ олар суға толса, дереу кетіңіз. Құмды және тасты топырақ сазды топыраққа қарағанда қауіпсіз екенін есте сақтаңыз.

Төбелерге, металл қоршауларға, электр беру тіректеріне және сымдардың астына орналаспаңыз.

Найзағай кезінде шомылмаңыз, су айдынына жақын жерде болмаңыз, қайықпен жүзбеңіз, балық ауламаңыз.

Егер су айдынында болсаңыз және найзағай жақындағанын көрсеңіз, дереу акваториядан шығып, жағадан алыстаңыз. Ешқашан жағалаудағы бұталарға тығылмаңыз.

Егер баспана іздеп ашық жерден өту керек болса, жүгірмеңіз, баяу қадаммен жүріңіз және ұялы телефонды өшіріңіз.

Найзағай сізді көлікте ұстаса, одан шықпаңыз, терезелерді жауып, радионың антеннасын түсіріңіз. Қозғалысты тоқтатып, биік ағаштардан алыс жол жиегінде немесе автотұрақта күтіңіз, биік жерде немесе ашық далада тұрмаңыз, найзағайды көлік салонында күтіңіз, дауыл кезінде көлікке жанармай құймаңыз, көліктердің арасында немесе көлік шанағында болмаңыз, металл заттарға отырмаңыз, көліктің астына тығылмаңыз, қолыңызға металл заттар ұстамаңыз.

Велосипед пен мотоцикл осы уақытта қауіпті болуы мүмкін. Оларды жерге жатқызып, кемінде 30 метр қашықтыққа шегініңіз.

Көшеде жүрсеңіз, найзағай аймағында жүгіруге және асығуға болмайды, барлық металл әшекейлерді (тізбек, сақина, сырға) шешіңіз, электр беру желілеріне немесе биік ағаштарға жақындамаңыз, металл қоршаулардың, болат құбырлардың, рельстердің және басқа электр өткізгіштердің жанында тұрмаңыз.

Ауыл шаруашылығы техникасына және мотоцикл мен велосипед сияқты шағын көліктерге жақындамаңыз.

Дереккөз: Zakon.kz