
Алматыда заңсыз шот-фактура айналымы мен қылмыстық кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған Түркия азаматы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметінше, ер адам бірнеше компанияны бақылап, олар арқылы нақты жұмыс орындалмай, тауар жеткізілмей 1 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар ресімдеген. Заңсыз жолмен алған қаражатты ол Астанадағы тұрғын емес үй-жайды сатып алып, оны жалға беру арқылы заңдастырған.
Бірінші сатыдағы сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, амнистия қолданған, алайда мүлікті тәркілеу және жалдау кірістерін қайтару мәселесі шешілмеген.
Кассациялық наразылық бойынша жоғары тұрған сот сот актілерін өзгертті. Нәтижесінде сотталушыға қосымша мүлікті тәркілеу жазасы тағайындалып, мемлекет кірісіне тұрғын емес үй-жай және оны жалға беруден түскен кірістер алынды.
Дереккөз: Inalmaty.kz