
Алматы облысында 25 жастағы Ерзат Егінбаймен қоштасты. Оны туыстары, еріктілер және полиция бес тәулікке жуық іздеген еді. Жас жігіттің денесін Космос ауылының маңындағы көлден тапты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жақындарының айтуынша, Ерзат жұмыс күнінің ортасында жоғалған. Таңертең жұмысқа кеткен ол түстен кейін сағат екілер шамасында бастығынан дүкенге шығуға рұқсат сұраған. Кейін бейнебақылау камералары оның Космос ауылына қарай бет алғанын көрсеткен. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.
Туыстары Ерзаттың ешқашан ескертусіз үйден кетпейтінін айтады. Жас жігіт жақында үйленген, геодезист көмекшісі болып жұмыс істеген және отбасының сөзіне қарағанда, оның ешкіммен жанжалы да, қарызы да болмаған.
Өткен сенбіде балықшылар Космос елді мекенінің маңындағы су айдынынан жоғалған жігіттің денесін байқаған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, аумақты қоршауға алған.
Марқұмның туыстары суицид нұсқасына сенбейді және тергеу аяқталғаннан кейін жауап алуға үміттенеді. Ерзаттың ағасының сөзінше, отбасы оның неліктен сол ауданға барғанын және кіммен кездесуі мүмкін екенін түсінуге тырысуда.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, алдын ала мәліметтер бойынша денеде зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Факті бойынша тергеу жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Марқұмның жүкті әйелі қалды.
Дереккөз: Inalmaty.kz