
Алматыда шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға және іскерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды жалғастыруда.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектілері үшін келесі қолдау бағдарламалары қолжетімді:
1. Jana Business – жаңадан бастаған және қолданыстағы кәсіпкерлерге арналған бағдарлама, бизнес-жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруды көздейді. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы 500 млн теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6%;
2. «Өрлеу 2026» – кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға және ШОБ субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама. Несиенің ең жоғары сомасы 7 млрд теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6%;
3. «Іскер Аймақ» – өңірлік кәсіпкерлікті қолдау тетігі, басым жобаларды қаржыландыруды көздейді. Несиенің ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6%, субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін;
4. «Даму» КҚҚ» АҚ арқылы кепілдік құралдары – кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктерде несие рәсімдеу үшін жетіспейтін кепілді алуға мүмкіндік береді.
Құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін кепілдік беру тетіктері қарастырылған.
Сонымен қатар, Алматыда кәсіпкерлерді Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу жұмыстары жалғасуда.
Әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енгізілген субъектілер мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларына, оның ішінде әлеуметтік бастамаларды іске асыру және бизнесті дамыту үшін 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады.
Тізілімге енуге өтінімді әлеуметтік міндеттерді шешуге, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қызметті жүзеге асыратын шағын және орта бизнес субъектілері бере алады.
Бұл шаралар Алматы қаласында қолайлы кәсіпкерлік ахуал құруға, тұрақты бизнесті дамытуға және әлеуметтік бағытталған жобаларды қолдауға бағытталған.
Дереккөз: Almaty.tv