...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Неон жарығы мен мыңдаған қатысушы: Алматыда тұңғыш рет түнгі веложарыс өтті

Мыңдаған қатысушы жарқыраған костюмдер мен жарық шашқан көліктермен қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Бір кешке Алматының орталық көшелері ашық аспан астындағы үлкен әрі жарқын спорттық трассаға айналды — мегаполисте әуесқойлар арасында тұңғыш рет ауқымды түнгі веложарыс өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Мерекелік жарыс «Астана» алаңынан бастау алды. Сол жерден велосипедшілердің мерекелік колоннасы Төле би, Желтоқсан, Тимирязев көшелері мен Назарбаев даңғылымен жүріп өтті. Айта кетерлігі, бұл жолы қала тұрғындары жылдамдық пен қашықтықты емес, ең креативті бейне, екі доңғалақты көліктің үздік жарық безендірілуі мен ең жарқыраған дулыға үшін бәсекелесті. Шығармашылық номинациядағы жеңімпазға ұйымдастырушылар бас жүлде — заманауи тас жол велосипедін табыстады.

«Пандемияға дейін соңғы веложарыс болған еді, біздің велосипед әуесқойлары мұндай іс-шараларды қатты сағынды. Біз Алматының спорттық, ұйықтамайтын қала болып қалуы үшін идеяны қолға алдық. Мұнда бастысы — жай ғана қашықтықты еңсеру. Қатысушылардың жасы әртүрлі: ең кішкентай бәтеңкелілер 2,5 жастан бастап, ал егде жастағылар 80 жасқа таяған. Қатысу үшін ешқандай критерий болған жоқ. Ең бастысы — екі доңғалақты велосипед пен дулығаның болуы», — деді Велосипед спорты федерациясының президенті Бахтияр Мамыров.

Алматылықтар дайындыққа шығармашылықпен келді — бірнеше сағат ішінде дулығалары мен велосипедтерін кемпірқосақтың барлық түсімен жарқыраған нағыз өнер нысандарына айналдырды.

«Мен өзім агрономмын, ауыл шаруашылығымен айналысамын. Осы күнге арнайы жарты күн ішінде дулыға сатып алып, бәрін өзім безендіріп, әшекейледім. Менің ойымша, мұндағы ең үздік бейне менікі!» — деп көңілді күйімен бөлісті қала тұрғыны Мұханбет Ардаев.

Тұңғыш түнгі веложарыс мыңдаған алматылыққа көптеген жағымды эмоция сыйлап, Алматының ең спорттық және белсенді қала атағын лайықты алып жүргенін тағы бір рет дәлелдеді.

Дереккөз: Almaty.tv