
Алматыда бір жыл ішінде 37 білім нысаны салынып, оның жартысынан астамы іске қосылды. Жаңа мектептердің жалпы жобалық қуаты — 35 950 оқушы орны. Қалған 7 оқу орны 1 қыркүйекте есігін ашады. Заманауи мектептер Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматыда жыл сайын 350 мыңнан астам оқушы мектеп партасына отырады, бұл көрсеткіш қарқынды өсуде. Соңғы екі жылда 14 жаңа мектеп (23 650 орын) ашылды, олардың көбі «Келешек мектептері» инновациялық форматында салынған.
Жаңа мектептерде жоғары технологиялар мен жасанды интеллект енгізілуде. Қазіргі уақытта Алматыда 200 мыңнан астам білім алушы цифрлық құралдарды пайдаланады, ал мектеп қажеттіліктеріне 83 мың верификацияланған цифрлық ресурс жасалған. Балалар қауіпсіздігінің жаңа стандарттары енгізілуде — мекемелерде «Alaqan» биометриялық жүйесі қолданылады.
«»Alaqan» — бұл әр бала мен ата-ана оқушының мектепке кіргенін және шыққанын көретін жүйе. Балалар арасындағы төтенше жағдайлар туралы екі секунд ішінде біле аламыз. Қазір бір ауысымда жұмыс істейміз, келесі жылы оқушылар санына қарай көреміз», — деді №223 мектеп директоры Жеңісқұл Сатаева.
Билік тек жеке ғимараттар салумен шектелмей, олардың қажеттілігін алдын ала есептейді. Ол үшін Алматыда 2030 жылға дейінгі әлеуметтік инфрақұрылым қажеттілік картасы әзірленді. Қалада барлығы 105 мың орынға 69 мектеп салу жоспарланған. Биыл екі мектеп ашылса, жыл соңына дейін тағы сегізі (11 мың орын) іске қосылады. Қолданыстағы мектептер де жаңартылуда.
«18 мектеп бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, 13 мектепте құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қазір екі мектеп толық аяқталды. Бұл нысандардың ішінде бұзылып, қайта салынатындар, сондай-ақ ағымдағы немесе күрделі жөндеуден өтетін мектептер бар. Бағдарлама Алматы мектептерін жаңғыртуға бағытталған», — деді Білім басқармасының техникалық қадағалау бөлімінің басшысы Есбол Ибраимов.
Президенттің реновация туралы тапсырмасы аясында Алматыда кешенді жаңғыртудан өтетін 31 мектептің нақты тізімі жасалды. Биыл құрылысшылар №50 және №73 мектептердің реновациясын толық аяқтады. Нәтижесінде қала тек қосымша оқушы орындарын ғана емес, балалардың қауіпсіз, ыңғайлы және қызықты оқуына арналған принципті жаңа білім кеңістіктерін алады.
Дереккөз: Almaty.tv