...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 95 киножобаның питчингі басталды: мемлекеттік қолдауға үміткерлер іріктелуде

Алматыда мемлекеттік қаржылық қолдау мен ұлттық фильм мәртебесіне үміткер киножобалардың ашық қорғауы басталды. Байқаудың финалдық кезеңіне 95 жоба өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Питчинг ашық форматта өтіп, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілуде. Үш күн бойы авторлар өз жұмыстарын Сараптамалық кеңеске таныстырады.

Байқау 1 наурызда басталды. Барлығы 323 өтінім түсіп, құжаттарды тексеруден кейін 277-сі Сараптамалық кеңестің қарауына жіберілді. Бірінші кезең қорытындысы бойынша екінші турға 107 жоба өтті, ал толық құжаттар пакетін қарағаннан кейін ашық қорғауға 95 жоба жіберілді.

Биылғы байқау іріктеудің ашықтығына, өтінімдердің сапасына, жанрлық әртүрлілікке және жас кинематографистердің қатысуына баса назар аударады. Басым бағыттардың қатарында – отбасы және ұрпақтар сабақтастығы, тарих және мәдени мұра, қазіргі заманғы еңбек ерінің бейнесі, балалар киносы, экология, спорт және салауатты өмір салты, сондай-ақ бірлік, бейбітшілік және қоғамдық келісім идеялары.

Бірінші күні көркем фильм жобалары таныстырылды. Питчинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау мен ұлттық фильм мәртебесіне үміткер жұмыстар бойынша ұсынымдар жасалады.

Дереккөз: Almaty.tv