
Алматыда Үлкен Алматы көліне (БАО) апаратын жаңа туристік жолдың мердігері анықталды. Жобаға 516 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалмақ, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, конкурс жеңімпазы «Ақ жол» ЖШС болды. Компания жұмысты жоспарланған 518,5 млн теңгенің орнына 516 млн теңгеге орындауды ұсынды. Конкурсқа сегіз өтінім түскен.
Тапсырыс беруші – Алматы қалалық туризм басқармасы, ал ұйымдастырушы – қалалық мемлекеттік активтер басқармасы. Құжаттамада лот «металл конструкцияларды дайындау жұмыстары» деп көрсетілген.
Әкімдіктің хабарлауынша, жоба Үлкен Алматы шатқалынан БАО-ға дейін заманауи және қауіпсіз жол салуды көздейді. Маршрутта жаяу жүргіншілер жолдары, баспалдақтар, бақылау алаңдары, көпірлер және демалыс аймақтары жабдықталады. Сонымен қатар, фотоаймақтар, навигация және қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі көрсеткіштер орнатылады.
Жобаға интерактивті элементтер – музыкалық инсталляциялар мен «орман дауыс зорайтқыштары» да кіреді. Кіреберіс бөлігін БАО символы бар сәндік аркамен безендіру жоспарланған.
Әкімдіктегілер жоба маршруттың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, Алматының ең танымал туристік орындарының бірін қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды ететінін атап өтті.
Дереккөз: Nur.kz