
Алматы полициясы 25 мамырдағы соңғы қоңырау мерекесіне орай түлектердің ата-аналары мен мұғалімдеріне бейнеүндеу жолдап, балаларға кортеж ұйымдастыруға және ішімдік ішілетін кештер өткізуге рұқсат бермеуді сұрады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев бұл күндері балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілетінін айтты. Оның сөзінше, соңғы қоңырау тойлау кезінде түлектер «ұшып кетіп» жатады.
«Біз жыл сайын мерекелік шаралардың бақылаудан шығып кететін жағдайларына тап боламыз. Мәселе коттедждерді жалдау, алкоголь ішу, қауіпті автокөлік серуендері және «кортеждер» туралы болып отыр. Жасөспірімдер әсерлі видео түсіру үшін жол қозғалысы ережелерін бұзған кезде, бұл апатпен аяқталуы мүмкін. Біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз, бірақ ата-аналар мен педагогтардың қатысуынсыз қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Балаларды бақылаусыз қалдырмауға, көлікпен серуендеуге жол бермеуге және олармен үнемі байланыста болуға шақырамыз», — деді Тимур Ноғайбаев.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі оқушылар мен ата-аналарға 25 мамырда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарда, сондай-ақ мейрамханалар, кафелер, банкет залдары, демалыс базалары мен табиғат аясында салтанатты іс-шаралар өткізуге тыйым салынғанын ескертті.
Дереккөз: Nur.kz