
Алатау, Алматы әуежайы және Қонаев қаласы арасында жолаушылар мен жүк тасымалдайтын аэротакси 2027 жылы іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев Alatau City жобасы бойынша Президент тапсырмаларын іске асыруға арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылы аэротакси толық сынақтан өтеді. Қазіргі уақытта Көлік министрлігі сынақ ұшуларына уақытша нормалар әзірлеп, тестілік іске қосуға рұқсат берді.
Билік мамандармен бірге ықтимал бағыттарды, желдің әсерін, қауіпсіз ұшу биіктігін және жер бедерінің ерекшеліктерін зерттеп жатыр, деп түсіндірді Бозымбаев.
— Алатаудан Алматы әуежайы мен вокзалына, Қонаев қаласына, Қапшағай су қоймасына бағыттар қарастырылуда. Бұл бағыттар тау кластерімен байланысты. Сондықтан жылдың төрт мезгілінде қандай биіктікте ұшуға болатынын нақты анықтау қажет. Сондай-ақ аэромагниттік аймақтар мен жоғары вольтті желілер ескеріледі. Өйткені мұның бәрі азаматтардың қауіпсіздігі мәселесіне келіп тіреледі. Сондықтан биыл толық тексеру жүргізсек, келесі жылы оны пайдалануға беруге болады, — деді ол.
Вице-премьер аэротакси саласында Қытай мен АҚШ компаниялары көшбасшы болып қалып отырғанын атап өтті. Қазақстан жобаға бірлесіп жұмыс істеу үшін осы елдерден мамандарды тартқан. Қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен емес, жеке инвесторлар мен қазақстандық компаниялар есебінен жүзеге асырылмақ. Аэротакси тек жолаушыларды ғана емес, жүктерді де тасымалдай алады деп күтілуде.
Еске салайық, Қазақстанда аэротаксидің алғашқы сынақтары 19 мамырда өтті. Алғашқы демонстрациялық ұшу Алатаудағы елдегі алғашқы вертипорт аумағында болды.
Дереккөз: Inform.kz