
Қазақстанда алғаш рет жолаушыларға арналған электрлік тік ұшу-қону аппараты (eVTOL) сыналды. Бұл әуе таксиі Алматы, Қонаев, Алатау қалалары мен облыстың туристік аймақтарын байланыстырады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Демонстрациялық ұшу Alatau City аумағында өтті. Аппарат ұшқышпен қоса алты адамға арналған. Ол Алатаудан Алматыға дейін 10-15 минутта жетеді, ал максималды жылдамдығы сағатына 300-350 шақырымды құрайды. Салмағы шамамен екі тонна, 400-500 келіге дейін жүк көтере алады. Бір зарядта бір сағаттан артық ұшады, ең ұзақ қашықтығы 250 шақырым.
Аппаратты әзірлеуші компания өкілі Келлен Шидің айтуынша, бұл — коммерциялық емес, технология мен инфрақұрылымды сынау мақсатындағы тест. Аппараттың 13 электрқозғалтқышы, қанаттарының ұзындығы 15 метр, биіктігі 3 метрден асады.
Бұл — бастама ғана, бірақ біз үшін имидждік тұрғыдан маңызды. Бұл Алатау қаласының тартымдылығын арттырады. Мемлекет басшысы бұл аумақты озық даму аймағы деп белгіледі. Мұндай жобалар инженерлер мен инвесторларды тартады, — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Аэротаксиді тұрақты ету үшін арнайы инфрақұрылым қажет. Alatau City-де UAM Center Eurasia — әуе таксилеріне арналған вертипорт жобаланып жатыр. Сонымен қатар авиациялық заңнамаға eVTOL, вертипорт және қалалық әуе мобильділігі ұғымдарын енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба жеке қазақстандық компанияға тиесілі. Ол қалалық әуе мобильділігі мен төмен биіктік экономикасын дамытуда. Алғашқы ұшулар үшін жүк дрондарын сынау мен сертификаттау тәжірибесі бар қытайлық компания таңдалды. Мамандардың болжамынша, мұндай әуе таксилері жаппай қолданысқа 2028 жылы енуі мүмкін.
Дереккөз: Almaty.tv