
Алматыда Аль-Фараби, Саин, ВОАД және Рысқұлов көшелерінде автобус жолақтары пайда болады. Бұл туралы Алматы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Дихамбаев РСК-дағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Қиындықтар бар, бірақ біз жауапкершілікті өз мойнымызға алып, автобус жолағын енгізгіміз келеді. Қазір жол қозғалысын ұйымдастыру схемасын әзірлеуді аяқтап жатырмыз. Жолақтарды тарылту арқылы автобус жолағын қосамыз, жолды тарылтпаймыз. Қазір жолақ ені 3,75 метрді құрайды, бұл бізге жолақты қысқартып, автобус жолағын қосуға мүмкіндік береді», — деді Ержан Дихамбаев.
«Шешім қабылдағанда біз әрдайым әлемдік тәжірибені зерттеп, талдау жасаймыз, көліктік модельдеу жүргіземіз, содан кейін ғана қаламыз үшін осындай жаңашылдықтарды енгіземіз», — деп толықтырды ол.
Жұмыс былтырғы күзден басталған, қазір аяқталуға жақын. Жазда Аль-Фараби, Саин, ВОАД және Рысқұлов көшелерінде автобус жолақтары пайда болады. Осылайша қала «сақиналанады» және қоғамдық көлік кедергісіз жүре алады, деп атап өтті спикер.
Дереккөз: Nur.kz