...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда бірқатар көше бір бағытты болады: жаңа схема қандай өзгеріс әкеледі?

Алматы әкімдігі бірқатар көшеде бір бағытты қозғалыс енгізу және жүру схемаларын өзгерту жоспарын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, өзгерістер Тастақ базары ауданын қамтиды. Атап айтқанда, Брусиловский, Түркебаев, Қарасай батыр, Құлымбетов және Прокофьев көшелері, сондай-ақ Әуезов — Байзаков, Жуков — Уәлиханов және Радостовец көшелерінің учаскелері өзгереді.

Сондай-ақ мамандар Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде бір бағытты қозғалыс енгізу мүмкіндігін пысықтап жатыр.

— Біз жылдам пилоттық шешімдерді белсенді енгіземіз: алдымен өзгерістерді жол белгілері мен уақытша схемалар арқылы сынаймыз, содан кейін оң нәтиже болса, ауқымын кеңейтеміз. Бұл жол жағдайын икемді әрі тиімді жақсартуға, үлкен шығынсыз мүмкіндік береді. Жаңа схемалар көшелердің өткізу қабілетін 20–25%-ға арттырып, апаттылықты 35%-ға төмендетеді және қаланың негізгі көлік тораптарына жүктемені азайтады деп күтеміз, — деді Ержан Диханбаев РСК брифингінде.

Көлік жүйесін жаңғырту аясында Алматыда әл-Фараби даңғылы, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов, ВОАД және Солтүстік айналма жолдарында жаңа бөлінген автобус жолақтарын құру қарастырылуда.

Бұған дейін Алматыда автобус бағыттарының қозғалысы түзетілген болатын.

Дереккөз: Inform.kz