
Алматы тұрғындары шыбын-шіркейдің көптігіне шағымданып жатыр. Қалалық әкімдік бұл мәселеге қатысты қысқаша жауап берді, ал Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары құбылыстың маусымдық екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің хабарлауынша, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы энтомологиялық жағдайдың себептерін анықтау үшін салалық ғылыми-зерттеу ұйымдарына, оның ішінде Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтына сұрау салған. Қала аумағын кешенді зерттеу жүргізу үшін тиісті өтініштер жіберілген. Зертханалық және далалық зерттеулер қорытындысы бойынша ғылыми негізделген қорытындылар мен күрес және алдын алу әдістері бойынша ұсыныстар дайындалады. Алынған мәліметтер негізінде тиісті шаралар қабылданады. Жағдай тұрақты бақылауда.
Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары бұл құбылыстың маусымдық сипатта екенін айтады. Институт өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі тұрғындар «шыбын-шіркей» деп бірнеше түрлі жәндіктер тобын атайтынын түсіндірді:
- ұсақ қара тли – Aphididae;
- нағыз шыбын-шіркей – Simuliidae және басқалар;
- ағаштар мен су маңында үйір құрайтын ұсақ қосқанаттылар, мысалы, Chironomidae (шақпайтын масалар) немесе Cecidomyiidae.
Ең үлкен қолайсыздықты Simuliidae – нағыз шыбын-шіркей тудырады, олар шаққанда теріні зақымдап, қанның ұюына кедергі келтіретін заттар енгізеді, сондай-ақ Ceratopogonidae – өте ұсақ қансорғыш қосқанаттылар.
Алматыда бұл жәндіктердің көп болуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, ауа райы жағдайлаы өте қолайлы. Екіншіден, арықтар, өзендер және ылғалды жерлер дернәсілдердің дамуына өте ыңғайлы. Үшіншіден, күрт жылыну тіршілік циклін жеделдетіп, ересек жәндіктердің жаппай шығуына әкеледі. Төртіншіден, желсіз ауа райында үйірлер әсіресе қаланың орталық және төменгі бөлігінде айқын байқалады.
Қоғамдық тамақтану орындарындағы кондитерлік өнімдер мен басқа да тағамдардың иісі де жағдайды жақсартпайды. Мамандар қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді: ашық түсті жабық киім кию, репелленттер қолдану, кешке су маңында ұзақ серуендеуден аулақ болу және үйде москит торларын пайдалану.
Дегенмен, бұл көршілестіктен құтылу мүмкін емес. Институт өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі атап өткендей, жәндіктер – экожүйенің табиғи бөлігі, олар азықтық тізбектерге қатысады, құстар, балықтар және басқа жануарлар үшін азықтық база қызметін атқарады, сондай-ақ табиғи тепе-теңдікті сақтауда рөл ойнайды. Мұндай түрлердің толық жойылуы биоценоздың экожүйелік процестеріне әсер етуі мүмкін.
Айта кетейік, Алматы үшін шыбын-шіркейдің көптігі жаңалық емес. 2023 жылдың мамыр айының соңында әлеуметтік желілерде осындай сын айтылған болатын. Сол кезде қанаттылардың көптігін ылғалды, ұзаққа созылған көктеммен түсіндірген.
Дереккөз: Zakon.kz