
2026 жылы 11-17 мамыр аралығында Индонезияның Джокьякарта қаласында өткен жасөспірімдер (U-17 және U-19) арасындағы заманауи бессайыстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматылық спортшылар турнирдің басты кейіпкеріне айналып, 13 түрлі дәрежедегі медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың табысына шешуші үлес қосты. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Таиланд, Қытай Тайбэйі, Сингапур және Индонезиядан күшті спортшылар қатысты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Алматы халықаралық әуежайында туған-туыстары, жаттықтырушылар, қалалық Спорт басқармасының өкілдері мен жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды.
Чемпионаттың нағыз жеңімпазы алматылық Тамирлан Төлегенов болды. Ол U-17 санатында жеке есепте, командалық біріншілікте және аралас эстафетада үш алтын медаль жеңіп алды.
Басқа алматылық спортшылар да жоғары нәтиже көрсетті:
- Тамирлан Төлегенов — 3 алтын: жеке есепте 1-орын, командалық біріншілікте 1-орын, аралас эстафетада 1-орын.
- Нұрғали Өмірсерік — жеке есепте 3-орын, командалық біріншілікте 1-орын.
- Яна Беспалова — жеке есепте 3-орын, командалық есепте 1-орын.
- Ажар Болат — жеке біріншілікте 4-орын, командалық есепте 1-орын.
- Степан Варёхин — жеке есепте 3-орын, командалық біріншілікте 1-орын.
- Полина Андреева — жеке есепте 3-орын, командалық есепте 1-орын.
- Диана Гренц — жеке есепте 4-орын, командалық біріншілікте 1-орын.
Чемпионат аясында спортшылар семсерлесу, жүзу, лазер-ран және жаңа пән — кедергілер жолағы бойынша сынға түсті. Бұл пән заманауи бессайыстың жаңартылған бағдарламасына енгізілген.
Алматы қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, алматылық бессайысшылардың Азия чемпионатындағы өнері соңғы жылдардағы ең үздік нәтижелердің бірі болды.
Дереккөз: Almaty.tv