
ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматы әуежайындағы жаңа терминалдың су басуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, жеке инвестицияға салынған терминалдың жобасында шатырға уақыт бірлігінде шамамен 132 литр жауын-шашын өткізу нормасы қарастырылған. Алайда нақты есептеулерде бұл көрсеткіш 230 литрге дейін жоғары болған.
— Мен жоғары көтерілдім, онда үлкен науа бар, ол үлкен арық сияқты… Бір мезетте қанша су келгенін елестетіп көріңізші — жаңбыр соншалықты қатты болды, тіпті бүйірлік шлюздер ашық тұрса да, су ішке құйылды. Яғни науа толып кеткенде, су әуежайдың ішіне аға бастады, — деп түсіндірді Сауранбаев.
Компанияға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Министр әуежай Париж холдингінің құрылымдарына кіретінін атап өтті.
— Залал сомасына келсек, физикалық залал жоқ деуге болады. Су орталық бөліктен өтті, еденді сүртті. Мүмкін, бір жерде гипсокартон зақымданған шығар, бірақ бұл олардың ішкі мәселесі. Олар оны тез жояды деп ойлаймын. Мүлікке айтарлықтай көлемде залал келтірілген жоқ. Бірақ компаниялар тобы үшін имидждік залал бар, — деді ол.
Еске сала кетейік, мамыр айының басында әлеуметтік желілерде судың төбеден құйылып, тексеру және паспорттық бақылау аймақтарын су басқаны көрсетілген кадрлар пайда болған еді. Оқиға орнында әуежай қызметкерлері судың зардаптарын жедел жойды. Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатты жауын-шашын салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының жекелеген аймақтарында су ағуы тіркелген.
Дереккөз: Inform.kz