
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Ромео мен Джульетта» қойылымын Румыниядағы The Craiova International Shakespeare Festival аясында алғаш рет әлемдік көрерменге ұсынады. Фестивальге 28 елден 90-нан астам шығармашылық ұжым қатысады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ауқымды театр оқиғасы 1994 жылдан бері Крайова қаласында өтіп келеді. 2026 жылы беделді фестиваль 21-31 мамыр аралығында Крайованың 32 түрлі театр алаңында өтеді.
Алматы қуыршақ театры осы румын фестиваліне қатысқан алғашқы қазақстандық театр болады.
The Craiova International Shakespeare Festival — ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің шығармашылығын насихаттауға арналған халықаралық фестиваль. 2026 жылы оған АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Германия, Чехия, Польша, Бельгия, Молдова, Эстония, Венгрия, Австрия, Армения, Аргентина, Украина, Грузия, Үндістан, Қытай, Жапония, Кения, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Тайвань, Израиль, Румыния және Қазақстан қатысады.
Марин Сореску атындағы Крайова ұлттық театры фестивальді 1994 жылдан бері екі жылда бір рет өткізеді. 2026 жылғы фестивальдің ұраны — «Will matters», оны «Уильям Шекспир маңызды» және «Адам рухы, ерік және бостандық маңызды» деп түсінуге болады.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестивальге ересек аудиторияға арналған «Ромео мен Джульетта» қойылымымен қатысады. Спектакльдің тарихы 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен басталды.
Бірегей камералық формат, тірі актерлік ойын мен қуыршақ жүргізудің үйлесімі, қызықты режиссерлік шешімдер, Анна Цой жетекшілігіндегі кәсіби хореография, Юлия Чернованың атмосфералық және ерекше сценографиясы спектакльді көрермендер мен театр сарапшылары арасында ерекше табысты етті.
Әр жылдары спектакль Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстандағы халықаралық фестивальдерде бас жүлделерді жеңіп алды. 2025 жылы «Ромео мен Джульетта» Францияның Авиньон қаласында өткен «Off Avignon» халықаралық фестиваліне қатысты. Дәл сол жерде Шекспир фестивалінің ұйымдастырушылары қазақстандық қуыршақ театрының спектаклімен танысып, 15-ші халықаралық Шекспир фестиваліне қатысуға шақырды.
Дереккөз: Almaty.tv