
Алматыда 2026 жылдың соңына қарай жылумен жабдықтаудың «ақылды» жүйесін толық енгізу жоспарланған. Жаңа жүйе жасанды интеллект көмегімен онлайн деректерді талдап, ағып кетулерді лезде анықтап, зақымдалған учаскені қашықтан ажырата алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында биылғы жөндеу маусымының басты міндеті — жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту екенін айтты. Алматыдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1410 шақырымға жуық. 2025 жылы қалада 39 км желі жаңартылса, 2026 жылы бірнеше бағытта жұмыс жалғасады.
«Биыл “АлТС” ЖШС 20 нысанды қайта жаңартуды жоспарлап отыр, жалпы ұзындығы 7,4 шақырым, сондай-ақ тағы 10,5 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Энергетика басқармасының желісі бойынша қосымша 2 шақырым жылу трассасы жаңартылады. Жалпы қала бойынша 2026 жылы жылу желілерін қайта жаңарту көлемі шамамен 20 шақырымды құрайды. Біздің басты міндетіміз — желілердің тозуын кезең-кезеңімен азайту және жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыру», — деді Нұрбақыт Серікбай.
Қалада коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру жалғасуда. SCADA және ЛЭРС жүйелері енгізілуде. SCADA жүйесі АЛЭС нысандары мен сорғы станцияларын қашықтан бақылауға, зақымдарды жедел анықтауға және аварияларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. ЛЭРС жүйесі есептеуіш құрылғылардан деректерді автоматты түрде жинауды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта ЛЭРС жүйесі 13 768 есептеуіш құрылғыны қамтиды, оның ішінде тұрғын үй секторының 98,7%-ы және бюджеттік ұйымдардың 95%-ы бар.
«Коммуналдық саланы цифрландыру инфрақұрылымды басқарудың мүлдем жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. SCADA және ЛЭРС жүйелерінің арқасында біз жабдықтың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылай аламыз, авариялық жағдайларға тезірек ден қоямыз және ресурстардың жоғалуын азайтамыз. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына да, бүкіл жылумен жабдықтау жүйесінің тиімділігіне де тікелей әсер етеді», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Алматыда газ инфрақұрылымын жаңғырту да жалғасуда. Алматы өндірістік филиалы 4 855,7 шақырым газ құбырына қызмет көрсетеді, желілердің тозу деңгейі 35,9% құрайды. 2026 жылы 13,5 шақырым газ құбырын, 10 шкафты газ реттеу пунктін және 16 бірлік электрохимиялық қорғаныс құралын жаңарту жоспарланған. Газбен жабдықтау қауіпсіздігін тәулік бойы жұмыс істейтін «104» авариялық-диспетчерлік қызметі қамтамасыз етеді.
Дереккөз: Almaty.tv