...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда автокөлік жуу орындарына қатаң бақылау: 146 нысан өшірілді

Алматыда суды үнемдеу мақсатында автокөлік жуу орындарына қойылатын талаптар күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде автокөлік жуу орындарында қайталама сумен жабдықтау жүйелерін енгізу жалғасып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда мұндай жүйелер 162 нысанда орнатылған, оның 33-і биылғы жылдың басынан бері іске қосылған. Сонымен қатар, барлық автокөлік жуу орындары деректерді беру функциясы бар заманауи су есептегіш құралдарымен жабдықталған. 1 мамырдағы жағдай бойынша, белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін қалада 146 автокөлік жуу орны өшірілді.

«Бүгінде инженерлік желілерді жаңғырту ғана емес, суды пайдалануға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру маңызды. Автокөлік жуу орындарындағы қайталама сумен жабдықтау жүйелері ресурстарды тұтынуды және қалалық жүйеге жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жалғасады», — деді спикер.

Сондай-ақ қалада коммуналдық саланы цифрландыруға көңіл бөлінуде. Сумен жабдықтау және су бұру объектілерін тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ететін технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері (АСУТП) енгізілуде. Маманның айтуынша, АСУТП енгізу апаттық жағдайларды жедел анықтауға, жабдықтың сенімділігін арттыруға, сондай-ақ су мен электр энергиясының жоғалуын азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін автокөлік жуу орындарында, моншаларда, сауда және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында, сондай-ақ өндірістік компанияларда су мен кәрізді пайдалану ережелерінің сақталуына жаппай тексерулер басталғаны хабарланған болатын. 2024 жылы Алматыға жұмыс сапары кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыз суды бақша суаруға және көлік жууға пайдалануға жол берілмейтінін мәлімдеген еді.

Дереккөз: Inform.kz