...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда әлеуметтік төлемдер қайта қаралды: өзгерістер кімге қатысты

Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тәртібін реттейтін өзгерістер қаралды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов қолданыстағы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін бірыңғай республикалық тәсілдерге сәйкестендіру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінге дейін жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек азаматтардың санатына қарай, мұқтаждық деңгейін ескермей беріліп келген.

Енді оның орнына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген скорингтік модель ұсынылды. Модель бойынша азаматтардың әл-ауқат деңгейі 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша бағаланады, ал әлеуметтік көмек шын мұқтаж адамдарға бағытталады. Атап айтқанда:

  • Мұқтаждық.
  • Салыстырмалы түрде тұрақты жағдай.
  • Тұрақты жағдай.
  • Жайлы өмір деңгейі.

Сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес мерекелік және ескерткіш күндерге арналған әлеуметтік көмек енді 5–10 мың теңге мөлшерінде төленбейді. Мұндай төлемдердің ең төменгі мөлшері кемінде 5 АЕК (21 625 теңге) болуы тиіс.

Маңызды өзгерістердің бірі – әлеуметтік көмек көрсету шегі республикалық ең төменгі күнкөріс деңгейіне теңестірілді. Егер бұрын Алматыда айына 71 515 теңгеге дейін табысы бар азаматтар мұқтаж деп танылса, енді бұл шек 50 851 теңгеге (республикалық деңгей) дейін төмендейді.

Мәслихат шешіміне сәйкес, Алматыда әлеуметтік көмектің келесі түрлерін қайта қарау көзделген:

  • Тұрғын үйді газдандыруға байланысты төлемдер. Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, бұл көмекке сұраныс төмендеген: өткен жылы екі өтініш түскен, биыл – бір.
  • Көпбалалы отбасылардан шыққан үздік студенттерді 10 000 теңге мөлшерінде қолдау. Басқарма басшысы атап өткендей, бұл әлеуметтік төлем көпбалалы отбасылардың студенттеріне берілген, алайда соңғы үш жылда бұл төлемге өтініш түспеген.
  • 6,5 АЕК мөлшеріндегі тұрғын үй төлемдері. Жаубасовтың айтуынша, олар да алынып тасталады, себебі олар 20 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем шеңберінде сақталады.

Бұған қоса, бұрын әлеуметтік осал топтарға жергілікті бюджеттен 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары беріліп келген. Енді бұл сертификаттар республикалық деңгейге ауыстырылды, сондықтан төлем қала әкімдігінің құзыретінен алынып тасталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда желтоқсан оқиғаларына қатысушыларға берілетін біржолғы төлем 250 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылған болатын.

Дереккөз: Inform.kz