
Алматыдағы төрт қабатты үйдің тұрғындары 62 жастағы көршісіне шағымданып отыр. Ол үйіне көшеден бөтелкелер, пакеттер мен ескі заттарды тасиды, пәтері мен балконын қоқысқа толтырған. Антисанитария салдарынан подъезде тарақандар мен қандалалар пайда болып, өткір иіс тұрғындарды мазалап, өрт немесе газ жарылу қаупі туындап отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көршілердің айтуынша, зейнеткер әйел ешкіммен араласпайды, жалғыз тұрады, туыстары жоқ. Ол үнемі көшеден заттар әкеледі. Пәтерде су мен жарық өшірілген, тек газ ғана қосылған, бұл жарылыс қаупін тудырады.
«Оның балконында да, үйінде де, дәретханасында да қоқыс. Бір бөлмелі пәтер толығымен қоқысқа толы. Барлық жақтан сасық иіс шығады. Балконға құстар ұшып келеді. Ол «көгершіндерді тамақтандырамын» дейді. Су өшірілген, жарық өшірілген. Газ бар дейді. Егер газ болса, бұл жарылыс болуы мүмкін», – деді көршісі Ақбөпе Бәкірова.
Тағы бір тұрғын Александра Шендель зейнеткердің үнемі аялдамадан су мен сөмкелерде бірдеңе таситынын айтты. Тұрғындар мәселені учаскелік полицей арқылы шешуге тырысқан, бірақ есік ашылмаған. Әкімдікте одан әрі әрекет ету үшін үй тұрғындарының ұжымдық өтініші қажет екенін хабарлады.
«Тұрғындар ұжымдық хат жазуы керек. Содан кейін комиссия құрылады. Оған ТЖ департаменті, СЭС, полиция және әкімдік өкілдері кіреді. Біз әйелдің есепте тұрғанын, мүгедектігі бар-жоғын анықтаймыз, қажет болса әлеуметтік қызметкерлерді тартамыз», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі аппаратының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Алмат Сайлыбаев.
Дереккөз: Nur.kz