
Пхукет қаласынан екі айлық нәресте арнайы медициналық авиация бортымен Алматыға шұғыл жеткізілді. Баланың жағдайы ауыр, ол оттегі алу аппаратына және өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнасында хабарланғандай, шұғыл рейс 11 мамырда жасалды. Тасымалдауды Ұлттық үйлестіру шұғыл медицина орталығының мобильді медициналық авиация бригадасы жүзеге асырды.
«Науқастың ауыр жағдайына, үнемі оттегі алу қажеттілігіне және өкпені жасанды желдету аппаратында болуына байланысты көліктік инкубаторды пайдаланып арнайы медициналық эвакуациялау туралы шешім қабылданды», — деп түсіндірді министрлікте.
Алматыға келгеннен кейін нәресте одан әрі мамандандырылған ем алу үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылды.
Дереккөз: Nur.kz