
Алматының әр түкпірінде пайда болған қоршаулар тұрғындардың назарын аударды. Оқырмандар Атакент, Оңтүстік саябағы және Махатма Ганди атындағы саябақ сияқты орындарды атап өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оңтүстік астана әкімдігі уақытша қолайсыздықтарды аумақты абаттандырумен байланыстырды. «ҚМҚК «Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерін дамыту басқармасы» бүгінгі күні Тимирязев көшесін Жандосов көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі учаскеде «фасадтан фасадқа» бағдарламасы аясында қайта құру жобасы басталғанын хабарлайды.
Жоба аясында аумақты кешенді абаттандыру көзделген, оның ішінде:
- жаяу жүргіншілер аймақтарын салу;
- брусчатка жабынын төсеу;
- ауқымды көгалдандыру;
- автоматты суару жүйесін орнату;
- заманауи сыртқы жарықтандыру тіректерін қондыру;
- абаттандыру элементтерінің бірыңғай дизайн-кодын енгізу.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары Тимирязев көшесінің Жандосовтан Розыбакиевке дейінгі учаскесінде, «Атакент» көрме кешенінің кіреберіс тобының алдында және Жароков көшесі бойындағы Ганди саябағының жаяу жүргіншілер аймағында жүргізілуде. Алайда Алматы әкімдігі жұмыстардың аяқталуының тіпті алдын ала мерзімдерін атауға қиналып отыр.
Дереккөз: Zakon.kz