
Швейцариялық Swiss әуекомпаниясының ұшағы Сеулден (Оңтүстік Корея) Цюрихке (Швейцария) бет алған сапарында Қазақстан үстінде апаттық сигнал беріп, Алматыға қонды. Бұл туралы Tages anzeiger басылымы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ұшақ 6 мамыр күні таңертең ұшып, шамамен 11 600 метр биіктікте келе жатқанда экипаж апаттық сигнал берген. Бұл Flightradar24.com рейс бақылау сервисінің деректерімен расталады. Сигналдан кейін ұшақ Алматыға бұрылған. Swiss әуекомпаниясы рейсте төтенше жағдай туындағанын мәлімдеген.
Басылымның жазуынша, борт Орталық Еуропа уақытымен таңғы 9:48-де Алматыға қонған. Содан кейін ұшақ ұшу-қону жолағынан тұраққа жылжыған.
Редакция түсініктеме алу үшін Алматы әуежайына жүгінген.
Еске сала кетейік, 3 мамырда ресейлік ұшақ Қазақстан үстінде апаттық түрде кері бұрылған болатын.
Дереккөз: Zakon.kz