
GITEX көрме-форумы аясында халықаралық сарапшылар Almaty Hub-та стартаптарды әлемдік деңгейге шығару жолдарын талқылады. Іс-шарада технологиялық компаниялардың құны миллиард доллардан асатын «единорогқа» айналуының нақты қадамдары көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Практикалық воркшопқа отандық IT-мамандар қатысып, өнімді халықаралық деңгейге жеткізу жолдарын үйренді. Спикерлер нарықтың нақты қажеттіліктерін анықтауға және жиі кездесетін қателіктерге ерекше тоқталды.
«Бүгін және ертең бізде Ури Левинмен воркшоп өтеді, TikTok және ByteDance негізін қалаушымен, сондай-ақ кореялық индустрия өкілдерімен кездесу жоспарланған. Almaty Hub алаңы барлығына ашық, апта сайын әртүрлі салалардан спикерлер келіп, стартаптарды ілгерілету және IT-экожүйені дамыту бойынша кеңес береді», — деді «Almaty Hub» білім беру және бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Бексұлтан Нұрақын.
Воркшоптың басты спикері Ури Левин — халықаралық кәсіпкер, инвестор және ірі компаниялардың негізін қалаушы. Оның навигациялық сервисін Google 1 миллиард доллардан астам сомаға сатып алды. Алматыда ол нарықтың нақты мәселелерін табу, капитал тарту және компанияны масштабтау бойынша тәжірибесімен бөлісті.
«Мен кәсіпкермін, сонымен қатар тәлімгермін. Мақсатым — басқалар үшін бәрін жасау емес, үйрету. Алматыға жергілікті кәсіпкерлердің табысты болуына көмектесу үшін келдім. Он жылдан кейін мұнда ондаған стартап-единорогтар пайда болуы мүмкін. Экожүйе дамыған сайын инвесторлар, тәжірибе және табысты мысалдар көбейеді. Егер кәсіпкерлерді қолдау жалғасса, мұндай компаниялардың саны арта түседі», — деді халықаралық кәсіпкер, инвестор Ури Левин.
Дереккөз: Almaty.tv