
Алматыда С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 200-ден астам студенті әскери ант қабылдады. Биыл әскери кафедрада 214 курсант оқуын аяқтады, оның ішінде 101 офицер және 113 медициналық қызмет сержанты бар. Салтанатты шара Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюдан басталды. Курсанттар мен оқытушылар Ұлы Отан соғысының батырлары – Мәншүк Мәметова мен Владимир Иваниловты еске алды. Бұл екеуі де медициналық университеттің студенттері болған, майданға аттанып, ерлік көрсеткен.
Содан кейін сап түзеп, болашақ офицерлер мен сержанттар Отанға адалдық антын берді. ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов мемлекеттік мерекелер қарсаңындағы шараның ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
«Біздің университет 1938 жылдан бері медициналық қызметтің запастағы офицерлерін дайындап келеді. Студенттеріміз Отанымызды қарумен ғана емес, білімімен де қорғауға дайын», – деді Марат Шоранов.
Ректор соңғы жылдары әскери-далалық хирургия және әскери-далалық терапия сияқты мамандандырылған бағыттар бойынша дайындық күшейтілгенін айтты.
«Бүгінде әлем бізге бейбіт аспанның, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің қаншалықты қымбат екенін еске салады. Қазіргі әлемде әскери дәрігер төтенше жағдайлар, табиғи апаттар, індеттер, дағдарыстар және кез келген жағдайда білім мен төзімділік қажет болатын жерге дайын болуы керек. Медициналық қызметтің запастағы офицерлері мен сержанттарын дайындау – біздің университеттің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қосқан маңызды үлесі», – деп қосты ректор.
Айта кетейік, ҚазҰМУ өз тарихында 50 000-нан астам медициналық қызметтің запастағы офицерін дайындаған. Университет түлектері Ауған соғысы мен басқа да қақтығыстарда жаралы жауынгерлерге көмек көрсеткен.
Дереккөз: Nur.kz