
Қатты жаңбырдан кейін Алматы әуежайының терминалын су басу оқиғасы бойынша әуежай басшылығы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, ведомство басшылығы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, терминал төбесінің су астында қалуына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Азаматтық авиация комитеті әуежайды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты. Әуежай басшысы техникалық мәселелерге жауапты аға вице-президент Мехмет Гүзелге тәртіптік жаза қолданды.
Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою шаралары күшейтіліп, барлық қажетті жұмыстар жедел режимде жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтап, су басу себептерін толық жою алты ай ішінде жоспарланған.
Көлік министрлігі мұндай бұзушылықтардың дереу жолы кесілетінін, азаматтық авиация саласындағы заң талаптарының сақталуы мен авиациялық инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмысына қатаң бақылау жасалатынын атап өтті. Демалыс күндері Алматыдағы қатты жаңбыр салдарынан әуежай ғимаратының бір бөлігі су астында қалған еді. Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, T1 және T2 терминалдарының жекелеген аймақтарында қатты жауын-шашыннан төбе ағып кеткен.
Дереккөз: Nur.kz