...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда жасөспірімдер төбелесі: екі жасөспірім қаза тауып, барлық қатысушы ұсталды

Алматыда жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес пышақтаумен аяқталып, екі кәмелетке толмаған бала қаза тапты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған ақпарат бойынша, жанжал компьютерлік клубтардың бірінде басталған. Жасөспірімдер арасында сөзге келіп, олар көшеге шыққан, сонда ауызша айтыс тез арада жаппай төбелеске ұласқан.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде болған кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде барлық күдіктілер анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ оқиғаның барлық қатысушылары анықталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріліп, оқиғаға қатысу дәрежесі мен рөлі анықталады, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде.

Полицияда атап өткендей, тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Бұған дейін Ақтөбе облысында жаппай төбелес салдарынан бір жасөспірім қаза тапқан еді.

Дереккөз: Inform.kz