...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда шығарынды деңгейі төмен аймақты сынақтан өткізіп жатыр

Алматыда 28 сәуірден бастап шығарынды деңгейі төмен аймақтың (LEZ) техникалық пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Пилот Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысы аралығындағы төртбұрышта өткізіледі. Жоба операторы — «Алматы Паркинг» ККК.

Қазіргі кезеңде жүйе тестілік режимде жұмыс істейді. Жүргізушілер үшін қозғалыс шектеулері, айыппұлдар және кіру ақысы қарастырылмаған.

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, басты міндет — цифрлық инфрақұрылымды сынау және көлік ағындары мен олардың ауа сапасына әсері туралы деректер жинау.

Яғни, автокөлік иелерін шектеу туралы сөз болып отырған жоқ, біз технологияның өзін сынағымыз келеді, датчиктердің ақпаратты қаншалықты дұрыс жинайтынын, жүйелердің деректермен қаншалықты жылдам алмасатынын және инфрақұрылымның қаншалықты дайын екенін тексергіміз келеді. Біз сенімді цифрлық іргетас құрып жатырмыз, ол болашақта дәл деректерге сүйеніп, қаламыздағы ауаны тазартуға көмектеседі, — деп түсіндірді басқармада.

Сынақ кезеңі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Аталған учаскелерде қозғалыс әдеттегі режимде жүзеге асады.

Еске салайық, Алматыда шығарынды деңгейі төмен аймақтарды (Low Emission Zones — LEZ) құруды көздейтін атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа жобасы әзірленген. Бұл аймақтарда экологиялық стандарты төмен автомобильдерді пайдалану шектеліп, ақылы болады.

2025 жылдың соңында Алматыда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа Қағидалары қабылданды. Бұған дейін әкімнің орынбасары Алмасхан Сматлаев 2024 жылы мегаполисте 189 мың тонна ластаушы заттар тіркелгенін, оның 112 мың тоннасы немесе шамамен 60%-ы автокөлікке тиесілі екенін хабарлаған.

Дереккөз: Inform.kz