
Алматы қаласының Туризм басқармасы мен қазақстандық лоукостер FlyArystan туризм әлеуетін дамыту және халықаралық туристік ағынды арттыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Келісім Алматыны негізгі шетелдік нарықтарда ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты көздейді. Жоспарланған бастамалардың қатарында маркетингтік науқандар, ақпараттық жобалар және шетелдік саяхатшылар арасында қаланың танымалдылығын арттыруға бағытталған басқа да іс-шаралар бар.
«Алматы үшін халықаралық әуе қатынасын дамыту туристік ағынның өсуімен және қаланың Орталық Азияның жетекші туристік бағыттарының бірі ретіндегі позициясын нығайтумен тікелей байланысты. 2025 жылы Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келді, оның 754 мыңы шетелдік қонақтар. 2026 жылы бұл көрсеткішті 800 мың адамнан асырады деп күтеміз. Бүгінде Алматы еліміздің ірі әуе хабы мәртебесін нығайтуда: қала 60-тан астам халықаралық бағытпен тікелей рейстер арқылы байланысқан және Қазақстандағы барлық халықаралық әуе тасымалының 60%-дан астамын құрайды. Бұл кіріс туризмін одан әрі дамытуға берік негіз қалайды. Ынтымақтастық Алматыны сыртқы нарықтарда ілгерілетуді күшейтуге, сапарларды қолжетімді етуге және қаланы саяхат бағыты ретінде таңдауға қосымша ынталандыру жасауға мүмкіндік береді», — деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Галия Токсеитова.
Тараптар Алматыны Орталық Азиядағы қысқа және аралас сапарлар үшін қолжетімді әрі тартымды бағыт ретінде кешенді ілгерілетуге, транзиттік әлеуетті дамытуға және келетін туристер географиясын кеңейтуге бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Дереккөз: Almaty.tv