
29 сәуір күні түнгі уақытта Алматыдағы «Friendly» мейрамханасында торт шамдарынан өрт шықты. Оқиға Медеу ауданындағы Достық даңғылы, 89 мекенжайындағы мекемеде болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Stillarima логинімен Threads парақшасында жарияланған видеода мейрамхана қонақтарының үрейленгені көрінеді. Жазбада: «Түн ортасында қонақтарды құттықтау басталды. Қызметкерлер шамдар мен фейерверктерді жағып, бір сәтте ұшқын залдағы декорды тұтандырды. Бірнеше секунд ішінде өрт кетті, адамдар абдырап қалды, дүрбелең басталды. Бақытымызға орай, отты тез сөндіруге мүмкіндік туды. Тағы бір минут болса, салдары ауыр болуы мүмкін еді», — делінген.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, мейрамхана иесіне қатысты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және өрт туралы хабарламау фактісі бойынша екі әкімшілік іс қозғалды. Әр бап бойынша 15 АЕК (шамамен 65 мың теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
ТЖД өкілдерінің айтуынша, мейрамханада туған күн тойлау кезінде тортқа арналған пиротехникалық шамдар қолданылған. Жылу әсерінен бөлмедегі жанғыш сәндік элементтер тұтанған. Өртті қызметкерлер өз күштерімен сөндірген, сондықтан өрт сөндірушілерді шақырмаған. Алайда бұл әрекет заңсыз деп танылды.
Дереккөз: Nur.kz