...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Астана, Алматы және тағы төрт қалада ауаның ластануы күтіледі

29 сәуірде Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 29 сәуірде Атырау, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында, күндіз Өскемен және Семейде ҚМЖ болжанады.

Қолайсыз метеоауа райы – бұл атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеофакторлардың (тымық, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

ҚМЖ кезінде елді мекендерде атмосфералық ауа сапасы нашарлап, адам денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Ластану деңгейін анықтайтын маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы (жел, жауын-шашын, ылғалдылық, ауа температурасы).

Қолайсыз метеоауа райында мыналар ұсынылады:

  • ашық ауада, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластану көздерінің маңында болу уақытын қысқарту; балалар мен жүкті әйелдер ұзақ серуендерден бас тартқаны жөн;
  • өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары, аллергиялық аурулары бар адамдар ашық ауада жүргенде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек;
  • ашық ауада дене жүктемесін шектеу; дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысқан дұрыс.

Бұған дейін Қазақстанның 16 өңірінде, Алматы мен Астанада дауылды ескерту жарияланған болатын – синоптиктер аяз, найзағай, қатты жел және жоғары өрт қаупі туралы ескертеді.

Дереккөз: Inform.kz