
Алматыдағы Ганди саябағында төрт ер адам рұқсатсыз салют атып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Куәгерлердің айтуынша, жоспарланбаған салют саябаққа келушілерді үркіткен. Оқиға куәгері Олег Намвардың сөзінше, оқ-дәрілер ескерткіштің жанынан жоғары емес, жан-жаққа ұша бастаған. «Снарядтар жерге, орындықтардың астына, балалар алаңдары мен беседкаларға қарай ұшып, жарыла бастады. Ескерткіштің жанындағылардың бәрі қаша жөнелді, балалар айқайлады, әйелдердің дауысы естілді», — деді ол.
Ер адамдар ескерткіштің қасына салют салынған жәшікті қойып, алдымен оқтарды жоғары атқан. Бірақ екінші пиротехникалық қондырғыны тұтатқанда, жәшік аударылып, снарядтар түрлі бағытта ұша бастаған. Саябақта балалы отбасылар болған, бақытына орай, ешкім зардап шеккен жоқ.
Полиция төрт бұзушыны ұстады. Олардың барлығы 40 жастан асқан, сол кеште мерекелеп жүрген. Енді оларға 30 АЕК — шамамен 130 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін.
Дереккөз: Nur.kz