...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда LRT құрылысына дайындық: Төле би көшесінде ескі трамвай рельстері демонтаждалуда

Алматыдағы Төле би көшесінде ескі трамвай рельстерін бөлшектеу жұмыстары басталды. Қала әкімдігі бұл LRT жобасын іске асырудың дайындық кезеңі екенін хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерде трамвай жүрген учаскеде жұмысшылардың ескі рельстерді бөлшектегені көрсетілген видео пайда болды. Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Төле би көшесінің Саин көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі бөлігінде ескі трамвай рельстері алынып жатыр. Барлық жиналған материалдар «Алматыэлектротранс» ЖШС-не беріледі.

— Осы жұмыстар аясында Төле би көшесінің бойындағы ескі трамвай жолын толық демонтаждау жоспарланған. Бұл жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын жеделдетуге мүмкіндік береді, — деп хабарлады басқармадан.

Бұған дейін Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық құжаттамасы әзірленген болатын. Құжаттар бойынша, депо Алатау ауданының индустриалды аймағында, ЖЭО-2-нің шығысында орналасады. LRT бағыты Бауыржан Момышұлы көшесімен, одан кейін Төле би көшесімен және Абылай хан даңғылымен «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін өтеді. Соңғы станция «Райымбек батыр» көлік торабының аумағында болады. Құрылыстың басталуы 2027 жылдың II тоқсанына, аяқталуы 2029 жылдың II тоқсанына жоспарланған.

Сондай-ақ Алматыда LRT желісінің құрылысы үшін жер учаскелерін алып қою жұмыстары басталды. Барлығы мемлекеттік қажеттіліктер үшін қаланың төрт ауданында 270 жер учаскесін алып қою жоспарланған.

Дереккөз: Inform.kz