...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы орталық қалалық аурухана 2,5 млн теңгеге айыппұл төледі: себебі анықталды

Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана медициналық жабдықты заңсыз пайдаланғаны үшін 2,5 млн теңгеге жуық айыппұл төледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында ауруханада өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың өрескел бұзылғаны анықталған.

Инспекция көрсеткендей, 2026 жылдың 11 ақпанына дейін медициналық мекемеде науқасты бақылауға арналған 106 модуль міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылған. Жабдық типін бекіту немесе метрологиялық аттестаттаудан өтпеген, мемлекеттік тізілімде тіркелмеген және міндетті тексеруден өтпеген. Сонымен қатар бұл құрылғылар медициналық көмек көрсету барысында қолданылған, — деп хабарлады ведомствода.

Модульдер жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қанның оттегімен қанығу деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы сияқты өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылауға арналған. Министрліктің айтуынша, дәлдігі расталмаған жабдықты пайдалану клиникалық шешімдерге тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Тексеру барысында «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17 және 19-баптарының талаптары бұзылғаны анықталды. Анықталған деректер тексеру материалдарымен расталған.

Қадағалау шараларының нәтижесінде ауруханаға бұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілген. Жабдықты пайдалану заңнама талаптарына толық сәйкестендірілуі тиіс.

Бұзушылықтар үшін мекеме Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл 600 АЕК (2 млн 595 мың теңге) мөлшерінде белгіленіп, белгіленген тәртіппен төленді.

Дереккөз: Nur.kz