
2026 жылы Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына шамамен 300 тексеру жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, үйлерді күрделі жөндеу және лифтілерді ауыстыру жұмыстары жалғасады. Бұл туралы Алматы қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, мегаполисте 9,6 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар, оларды 2,5 мыңнан астам субъект – ОСИ, КСК және басқарушы компаниялар басқарады. Өткен жылы 265 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 66 әкімшілік хаттама толтырылып, 37 субъект 10 млн теңгеден астам сомаға жауапкершілікке тартылған. Ағымдағы жылы 151 тексеру басталған.
«Тұрғындардың шағымдануының негізгі себептерінің бірі – тұрғын үй қорының тозуы. Уақытылы күрделі жөндеу жүргізілмеуі, конструкциялар мен инженерлік жүйелердің физикалық тозуы, сондай-ақ жинақталған пайдалану мәселелері негізгі факторлар болып отыр», – деп атап өтті Жандос Қайырханов.
Қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жүйелі жаңғырту жалғасуда. 2011 жылдан 2025 жылға дейін 1 316 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп (кіреберістер, инженерлік желілер, шатырлар және т.б.), 2 372 лифт ауыстырылды. 2026 жылы тағы 100 үйді жөндеу және 45 лифтіні ауыстыру жоспарланған, бұл шамамен 300 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Тұрғын үйді басқару саласындағы заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «жай серіктестік» нысаны алынып тасталып, екі негізгі модель – ОСИ және тікелей бірлескен басқару қарастырылған. Сондай-ақ ОСИ төрағасының өкілеттік мерзімі үш жылға дейін ұзартылып, басқарушы компанияларды тарту мүмкіндіктері кеңейтілген.
Бұдан бөлек, тұрғындардың жиналысын өткізудің жаңа форматтары – күндізгі және сырттай (оның ішінде онлайн) енгізілсе, тұрғын үй инспекциясының функциялары үйлердің жылыту маусымына дайындығы мен өртке қарсы жүйелердің жай-күйін бақылаумен толықтырылған.
Қолданыстағы КСК-лар ағымдағы жылдың шілдесіне дейін қайта тіркеуден өтуі керек. Ол үшін ХҚКО арқылы өтініш, жиналыс хаттамасы және тіркеу алымын төлеу құжатын тапсыру қажет. Белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, кооперативтерді мәжбүрлеп тарату көзделген. Сондай-ақ заңда уақытша басқарушы компаниялар тетігі қарастырылған – бұл жаңа үйлерге де, тұрғындары басқару нысанын әлі анықтамаған нысандарға да қатысты.
Басқармада қабылданып жатқан шаралар тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ тұрғындар, басқарушы ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында жауапкершілікті өзара іс-қимыл мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Дереккөз: Almaty.tv