...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Экоакция «Зеленый сбор»: алматылықтар 200 кг-нан астам қайта өңделетін және қауіпті қалдықтарды тапсырды

Алматы мен Алматы облысының тұрғындары «Зеленый сбор» экоакциясы аясында 200 кг-нан астам қайта өңделетін шикізат пен қауіпті қалдықтарды жинады. «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің аумағында өткен акция барысында шамамен 50 сынап және люминесцентті шам, 50 кг алюминий банка, 70 кг макулатура және 100 кг шыны бұйымдары жиналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Экологиялық акцияға Алматы мен Алматы облысының тұрғындары белсенді қатысып, пластик, макулатура, картон, алюминий, шыны, электронды құрылғылар және қауіпті қалдықтарды тапсырды. Жиналған шикізаттың негізгі бөлігі қайта өңдеуге, ал қауіпті қалдықтар (соның ішінде сынапты шамдар) арнайы кәдеге жаратуға жіберілді.

Жобаны ұйымдастырушы Еділ Еркінұлының айтуынша, бұл идея қаланың төменгі бөлігінде тұрақты қайта өңдеу пункттерінің жетіспеушілігіне байланысты туындаған. «Бұл біздің мұндағы алғашқы экоакциямыз, егер ол жақсы нәтиже көрсетсе, «Зеленый сбор»-ды Алматының басқа аудандарында да өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді ол.

Қала тұрғыны Сәуле Тайбекова экологиялық бастамаларға үнемі қатысатынын айтты. «Бүгін пластик, макулатура және картон әкелдім. Үйде де қалдықтарды сұрыптаймыз — бұл әдетке айналды», — деді ол.

Шара «Eco Almaty» ЖШС мен «Ecosen» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылып, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамытуға және қалаға экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар полигондарға жіберілетін қалдықтар көлемін азайтуға және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Дереккөз: Almaty.tv