
Алматыдағы Аюсай шатқалында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Мемлекеттік органдар, экологиялық және қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, жастар мен еріктілер қатарынан 1000-ға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қатысушылар Аюсай визит-орталығынан бастап шлагбаумға дейінгі 2,5 км аймақты, оның ішінде өзен жағасын, жол жиектері мен беткейлерді тазартты. Тұрмыстық қалдықтар мен сынған бұтақтар жиналып, нәтижесінде 450 м³ қоқыс шығарылды.
«Біріге отырып, біз қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, адамдар үшін жайлы кеңістік жасаймыз — бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Бүгін біздің ұжымнан сенбілікке 100 адам қатысты, алты бірлік техника жұмылдырылды. Біз тек өзіміз қатысып қана қоймай, алматылықтарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырамыз. Соңғы уақытта адамдардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі артып, экологиялық мәдениет қалыптасып келе жатқаны байқалады. Менің ойымша, бұл осындай бастамалардың нәтижесі», — деді «Алматы Тазалық» МКК басшысының орынбасары Ербол Байжанов.
Аюсай визит-орталығы — «Іле-Алатау» ұлттық паркі аумағындағы заманауи туристік және экологиялық кешен. Мұнда жыл бойы келушілер ағыны үзілмейді, сондықтан шатқалдың тазалығын сақтау ерекше маңызды.
«Біз де сенбілікке шықтық, жас ұрпаққа үлгі көрсету үшін. Қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау — әркімнің міндеті. Бүгінгі акция — тек аумақты тазарту ғана емес, сонымен қатар қоғамды біріктіру және экологиялық жауапкершілікті қалыптастырудағы маңызды қадам. Табиғатқа деген сүйіспеншілік өзімізден басталады», — деп атап өтті Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, зейнеткер Гүлсара Қабиланова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Аюсай сияқты табиғи аумақтарды тазарту — бір реттік акция емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстың бөлігі.
Дереккөз: Almaty.tv