
Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Warwick Hotels & Resorts халықаралық қонақ үй компаниясының вице-президенті Себастьен Сьюспен және iHolding делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Warwick Hotels & Resorts — штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан халықаралық қонақ үй операторы. Компания әлемнің жетекші туристік және іскерлік орталықтарында премиум-класс қонақ үйлерін басқарады. Қазақстан мен Алматыны туризм және қонақжайлылық саласындағы инвестициялық жобалар үшін перспективалы бағыт ретінде қарастырады.
Кездесу барысында қаланың туристік және іскерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Инвестор жобаны іске асыруға және Алматы аумағындағы одан әрі инвестициялық бастамаларға қатысуға мүдделілігін растады.
Жобаны іске асыру қаланың номерлік қорын ұлғайтуға, бес жұлдызды қонақ үйлер сегментін кеңейтуге, қонақ үй қызметтерінің сапасын арттыруға және Алматының іскерлік және іс-шаралық туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Алматыда 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін 7 763 нөмірге арналған 70 қонақ үй құрылысы жобасы жүзеге асырылуда, бұл қаланың қонақ үй инфрақұрылымын жүйелі дамытуға ықпал етеді.
Дереккөз: Almaty.tv