...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына бос жер жоқ — әкімдік

Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) беруге болатын бос жер телімдері жоқ. Бұл туралы қалалық әкімдік Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының шекарасындағы функционалдық аймақтандыруға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған аумақтар қарастырылмаған. Сондықтан жер телімін алу үшін кезекке тұру жүргізілмейді, тіпті «Электрондық үкімет» порталы арқылы да бұл мүмкін емес.

«Қала шекарасында функционалдық аймақтандыру бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған аумақтар көзделмегендіктен, жер телімін алуға кезекке тұру жүргізілмейді, Қазақстан Республикасының «Электрондық үкімет» порталы арқылы да бұл іске асырылмайды. ЖТҚ үшін жер телімдері берілмейді», — делінген Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының жауабында.

Қалада тұрғын үй құрылысын көпқабатты және шағын қабатты тығыз құрылыс, сондай-ақ қолданыстағы тұрғын аудандарды реконструкциялау есебінен дамыту жоспарлануда.

Бұған дейін әкімдік ЖТҚ үшін тегін 10 сотка жер беруді тоқтатқанын хабарлаған. 2022 жылдан 2025 жылға дейін Алматыда ЖТҚ үшін жер телімдері берілмеген.

Сонымен қатар, Астанада да алдағы 10 жылда жеке тұрғын үй құрылысына тегін 10 сотка жер беру жоспарланбаған.

Дереккөз: Inform.kz