...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 83 млрд теңгеге екі ірі нысанның құрылысы басталды

Алматыда Индустриялық аймақта екі ірі инвестициялық нысанның құрылысы басталды. Жобаларға салынатын инвестиция көлемі 83 миллиард теңгеден асады. Бүгін қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен әлемдік автогиганттарға арналған тежегіш компоненттері зауыты мен жасанды интеллект басқаратын логистикалық орталықтың капсуласы салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы елдің басты индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуда. Тежегіш дискілері мен колодкаларын толық циклмен шығаратын зауыт осы істе маңызды рөл атқаруы тиіс. Кәсіпорынға салынатын инвестиция 55 миллиард теңгені құрайды. Мұнда жылына 5 миллион дана өнім шығару және 600 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өндіріс халықаралық сапа стандарттары мен жетекші әлемдік автоконцерндердің қажеттіліктеріне бағытталады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жоғары технологиялық өндірістерді ашуға және отандық өнім көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі капсула салу – осы жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл кәсіпорын жай өндіріс алаңы емес. Ол жаңа технологиялар енгізілетін, жаңа құзыреттер қалыптасатын және жоғары білікті мамандар даярланатын маңызды индустриялық орталыққа айналады», — деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Тағы бір нысан – құны 28 миллиард теңге болатын Smart AI Logistic интеллектуалды логистикалық орталығы. Ол негізгі процестер жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелердің көмегімен автоматтандырылатын елдегі алғашқы қойма хабы болады. Кәсіпорында 190-нан астам жұмыс орны ашылады.

«Бұл – қаланың бір гектарға шаққандағы инвестиция тығыздығын арттыру жөніндегі жалпы саясатының нәтижесі. Инвесторлар тарапынан өңдеу, тамақ, жеңіл өнеркәсіпте әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға үлкен сұраныс бар. Химия өнеркәсібіне де ішінара қызығушылық бар. Біз күрделі және ғылымды қажет ететін жобаларға басымдық береміз», — деп атап өтті Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубай.

Дархан Сатыбалды Алматы қаланы Орталық Азияның жетекші логистикалық және дистрибуциялық хабына айналдыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Индустриялық аймақ аумағында 58 жоба іске асырылған, 110-ға жуығы іске асырылу үстінде.

Дереккөз: Almaty.tv