
Алматыда мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру салтанатты рәсімдері аяқталды. Биыл 20 мыңнан астам оқушы орта білім алса, 30 мыңнан астам тоғызыншы сынып оқушысы негізгі мектепті бітірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 790 түлек «Алтын белгі» белгісіне ие болып, барлық пәндер бойынша жоғары білім деңгейін растады. Тағы 2 083 оқушы үздік аттестат алды. Тоғызыншы сынып түлектерінің арасында 2 168 оқушы оқуды үздік аяқтады.
Дәстүр бойынша аттестат тапсыру рәсімдері күндізгі уақытта өтті. Білім басқармасының атап өтуінше, мұндай формат түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және мектеп іс-шараларының салтанатты атмосферасын сақтау үшін таңдалған.
Мерекелік шараларға педагогтар, ата-аналар, қоғам өкілдері, білім саласының ардагерлері және қамқоршылық кеңестерінің мүшелері қатысты, — делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарламасында.
Дереккөз: Inalmaty.kz