
Алматыдағы Райымбек батырдың заманауи музей-мемориалдық кешенін қайта жаңғырту 2026 жылдың шілдесінде аяқталады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы қалалық мәдениет басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берді. Басқарманың мәліметінше, Райымбек батыр музейін құру жобасы жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылдың 8 сәуірінде нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге конкурс аяқталды. Қазіргі уақытта кешен аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Сонымен қатар, музей экспозициясын әзірлеумен және мультимедиялық контент дайындаумен айналысатын мердігер ұйым анықталды.
Жобаның ғылыми мазмұнын қалыптастыру үшін белгілі тарихшылар, этнографтар және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Ғылыми кеңес құрылды. Кеңес мүшелері музейдің ғылыми тұжырымдамасы мен құрылымдық жоспарын әзірледі.
Сондай-ақ музей қорын толықтыру бойынша ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары жалғасуда.
— Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған. Одан кейін музейлендіру, экспозиция орналастыру және заманауи мультимедиялық шешімдерді енгізу кезеңі басталады, — делінген басқарманың Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Еске салайық, Райымбек батырдың кесенесі 2017 жылы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беріліп, 2018 жылы «Алматы қаласының музейлер бірлестігінің» жедел басқаруына қабылданған. Жоба басталғаннан бері ізденіс жұмыстары, жобалық-сметалық құжаттаманы түзету және конкурстық рәсімдер жүргізілді.
Райымбек батыр кесенесінің аумағын абаттандыру және құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталды.
Бастапқыда жұмыстар 2026 жылдың ақпанында басталып, мамырда толық аяқталады деп жоспарланған болатын. Жоба аясында тарихи кеңістік жаңартылып, заманауи музей кешені салынатыны хабарланған.
Жоба бойынша Райымбек батырға ескерткіш орнатылып, батырдың өмір жолы, жауынгерлік ерліктері және тарихи дәуірі туралы баяндайтын интерактивті экспозициялық залдар жабдықталады. Келушілер мультимедиялық инсталляциялар, 3D-модельдер және тарихи реконструкциялар арқылы қазақ батырларының тарихымен таныса алады.
Сонымен қатар, кешенде шеберлік сабақтары, дәрістер мен семинарлар өткізуге арналған арнайы залдар мен интерактивті алаңдар қарастырылған. Бұдан бөлек, VR-технологиялар көмегімен тарихи оқиғаларға енуге мүмкіндік беретін виртуалды жобалар іске қосылады.
Дереккөз: Inform.kz