...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы журналистері боулингтен үздіктерді анықтады

Алматы қаласындағы ойын-сауық кешендерінің бірінде БАҚ өкілдері арасында боулингтен турнир өтті. Жарыс Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған БАҚ Спартакиадасының қорытынды кезеңі болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Еске салайық, журналистер арасындағы спорттық марафон биыл көктемде басталған еді. Бағдарламаның алғашқы түрі — 10 команда қатысқан мини-футбол турнирі болды. Кейін медиақоғамдастық өкілдері үстел теннисінен сынға түсті. Спартакиаданың финалдық пәні боулинг болды.

Турнирге алты команда қатысты. Достық атмосферасына қарамастан, дорожкаларда нағыз спорттық күрес өрбіді. Қатысушылар лақтыру дәлдігін, командалық бірлікті және жеңіске деген ұмтылысты көрсетті.

Көптеген журналистер үшін жарыс өз күшін сынау мүмкіндігі ғана емес, әріптестерімен бейресми қарым-қатынас алаңына айналды.

«Күнделікті жұмыста біз үнемі қарқынды ақпараттық ырғақта боламыз. Мұндай турнирлер жұмыс міндеттерінен алшақтап, әріптестермен бейресми жағдайда сөйлесуге және оң эмоциялармен зарядталуға мүмкіндік береді. Әсіресе, Спартакиада қаланың әртүрлі редакциялары мен медиаалаңдарының өкілдерін біріктіргені қуантады», — деді «Алматы» телеарнасының үйлестірушісі Шынар Сатыбалдиева.

Креативті продюсер Асқарбек Қазанғап та өз әсерімен бөлісті.

«Спорттық жарыстар әрқашан ұжымның бірігуіне ықпал етеді. Бүгін әрбір қатысушы энергия мен көңіл-күй зарядын алды. Мұндай бастамалар салауатты өмір салты мәдениетін дамытып, журналистер арасында қарым-қатынас үшін қосымша мүмкіндіктер жасайтыны маңызды», — деді ол.

Турнир қатысушыларын Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дастан Шерехан құттықтады. Ол Спартакиаданы өткізу корпоративтік рухты нығайтуға, спортты насихаттауға және медиасала өкілдері арасында достық қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктар, медальдар мен дипломдармен марапатталды.

Аяқталған Спартакиада журналистердің кәсібилікті жұмыста ғана емес, спорт алаңдарында да көрсете алатынының жарқын мысалы болды.

Дереккөз: Almaty.tv