
Алматыда сот шешімімен контрафактілік құрғақ таңғы астардың ірі партиясы жойылды. Бұл туралы қалалық Әділет департаменті хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Халықаралық құқық иеленуші Әділет департаментіне өзінің тауар белгісі сатылатын өнімде заңсыз пайдаланылғанына шағымданған. Алматы қаласының Әділет департаменті мен Полиция департаментінің қызметкерлері жоспардан тыс тексеру жүргізіп, құрғақ таңғы астар түріндегі контрафактілік өнімнің сатылып жатқанын анықтаған. Олардың қаптамасында тауар белгісі пайдаланылған.
Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам 1930 дана контрафактілік өнім алынды, — деп мәлімдеді Әділет департаментінде.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, құқық иеленуші тіркелген тауар белгісін пайдалануға айрықша құқыққа ие, ал ешкім оны иесінің келісімінсіз пайдалана алмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану тауарды тәркілей отырып, әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Сот кінәлі тұлғаға айыппұл салып, алынған контрафактілік өнімді жою туралы шешім шығарған.
Алматы қаласының Әділет департаменті тауар белгілеріне құқықтарды қорғау саласындағы бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, құқық иеленушілердің заңды мүдделерін қорғауға, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және тұтыну нарығында контрафактілік тауарлардың таралуына жол бермеуге бағытталған, — деп түйіндеді ведомство.
Дереккөз: Nur.kz