...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 45 әлеуметтік нысан тексеріліп, 32-сіне нұсқама берілді

Алматыда жыл басынан бері әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігіне 45 тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелеріне, сондай-ақ мемлекеттік және коммерциялық нысандарға ерекше назар аударылғанын айтты.

Оның атап өтуінше, қалада мүгедектігі бар 60 мыңға жуық адам тұрады, ал әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі және қоғам дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады.

Тексеру барысында мамандар пандустар мен көтеру құрылғыларының, кіру топтарының, санитарлық-гигиеналық бөлмелердің, қызметкерлерді шақыру түймелерінің, тактильді көрсеткіштердің, тұрақ орындарының болуын, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттың бейімделуін бағалады.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша 32 нысанға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, алты субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион 76 мың теңгені құрады.

Спикердің айтуынша, ведомствоның негізгі міндеті айыппұл санкцияларын қолдану емес, қолданыстағы кедергілерді жою және азаматтардың қажетті қызметтерге нақты қол жеткізуін қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Айыппұл мөлшері бұзушының санатына байланысты 50-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгереді. Жыл ішінде қайталанған бұзушылық кезінде өндіріп алу сомасы айтарлықтай артады.

Департаментте берілген нұсқамалар орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес бақылау тексерулері жүргізіліп, қосымша шаралар қабылданатынын атап өтті.

Бұған дейін Алматыда 1 шілдеден бастап жаңа құрылыстардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін бақылау күшейтілетіні хабарланған болатын.

Дереккөз: Inform.kz