
Шиелі-Түркістан учаскесінде Саратов-Алматы бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызының бір вагонының дөңгелек жұбы рельстен шығып кетті. Салдарын жою үшін оқиға орнына қалпына келтіру пойызы жіберілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Түркістан облысында Саратов-Алматы бағытымен жүрген №7/8 жолаушылар пойызымен оқиға болды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, 16 маусымда сағат 12:49-да Шиелі-Түркістан учаскесінде техникалық себептермен құрамның бір вагонының дөңгелек жұбы рельстен шыққан.
Оқиғадан кейін жолаушыларға медициналық көмек ұсынылған, алайда олар бас тартқан. Салдарын жою және қозғалысты қалпына келтіру үшін оқиға орнына қалпына келтіру пойызы жіберілді.
Жолаушыларды әрі қарай тасымалдау үшін қосымша құрам тағайындалды. Отырғызу және жөнелту жедел тәртіпте ұйымдастырылды.
Ұлттық тасымалдаушы компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Дереккөз: Inalmaty.kz